Үкіметте жаңа жылдан кейін қандай азық-түлік қымбаттағаны айтылды

Түркістан облысында әлеуметтік нан бағасының өсу жағдайы жеке қаралды
Sputnik
АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі жаңа жылдағы алғашқы кеңес өтті, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Сүт өнімдерінің бағасы төмендеді

Жыл басынан бері:
қаймақ 0,2 %-ға,
сүт 0,3%-ға,
ірімшік 0,6 %-ға арзандады.
Жеміс-көкөніс тобы бойынша қызанақтың бағасы 1%-ға, қияр 3,7%-ға, алма 1,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар кеңейтілген тізбеге енгізілген күріш, шай, ет және балық өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша да баға төмендеген.

Нан неге қымбаттады

Сонымен бірге жекелеген азық-түлік өнімдері бойынша баға өскен. Олардың ішінде күнбағыс майы, сары май және сүзбе қымбаттаған. Бұл, негізінен, импорттық өнімдердің үлесіне, сондай-ақ сыртқы нарықтағы баға конъюнктурасына байланысты.
"Түркістан облысында әлеуметтік нан бағасының өсу жағдайы жеке қаралды. Өңірдегі үш наубайхананың бірінде өндірістік шығынның артуына және арзандатылған ұн тапшылығына байланысты баға көтерілген. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтандырылып, баға бұрынғы деңгейіне түсірілді", - деп жазылған хабарламада.
Осыған байланысты вице-премьер Азық-түлік корпорациясына "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен бірлесіп өңірлердің жеңілдетілген ұнмен қамтамасыз етілуіне жедел талдау жүргізуді және қажет болған жағдайда арзандатылған астықтың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Көкөніс өнімдері мен алма бағасы жалпы алғанда тұрақты деңгейде. Қаңтар айында картоптың бір килограмы 150–170 теңге аралығында сатылды.