Қазақстан алдағы 4 жылда ет экспортын екі есеге арттырады

Үкімет мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдады
Sputnik
АСТАНА, 19 қаңтар - Sputnik. Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдады.
Кешенді жоспарда мал басын өсіруге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған саланы мемлекеттік қолдаудың тәсілдері мен тетіктері қаралды.
"Кешенді жоспарды жүзеге асыру ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа және ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, ет өндірісінің 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін өсуі және оның экспортының 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғаюы күтіліп отыр", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Қаржыландыруға жылдық қажеттілік 300 млрд теңгені құрайды.
Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін биыл қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге болатын жылдық мөлшерлемесі 6%-бен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделген.
Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр.
"Сондай-ақ мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр", - деп хабарлады үкіметте.
Кешенді жоспардың жобасында саланы кадрлармен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайлар жасау, оның ішінде шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй құрылысын салу және тағы да басқа шаралар көзделген.
Қазақстан ет өнімдерін БАӘ мен Үндістанға экспорттауға ниетті