Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Ұлыбритания Ресеймен мәңгілік қас болып қалатын секілді – сарапшы

Sputnik
АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. Еуропа ерте ме, кеш пе Мәскеумен қарым-қатынасын түзейді, алайда Ұлыбритания бұл процестен тыс қалуы мүмкін, деп болжады экономист Филип Пилкингтон X әлеуметтік желісінде. Ол Ұлыбритания сыртқы істер министрі Иветт Купердің Париж бен Римнің Украинадағы қақтығысты реттеу аясында Ресей президенті Владимир Путинмен дипломатиялық байланысты қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыру жөніндегі ұсынысынан бас тартуын осылайша түсіндірді.

"Ресей мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастың қалыпқа келуіне көп уақыт қажет болады, бірақ түптің түбінде бұл бәрібір болатын жағдай. Алайда Ұлыбритания мәңгілік қас болып қала беретін секілді", — деп жазды ол.

Жұма күні Politico газеті Еуропаның Ресеймен тікелей байланысты қалпына келтіру жөніндегі бастамалары Ұлыбритания тарапынан қарсылыққа ұшырағанын хабарлады.
Брюссель мен Вашингтон арасындағы қайшылық ушыға түскен тұста еуропалық саясаткерлер Мәскеумен қарым-қатынасты қайта жаңғырту тақырыбын жиі көтере бастады. Жуырда Германия канцлері Фридрих Мерц Ресейді Еуропаның ең ірі көршісі деп атап, онымен арадағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге үміт білдірді. Оның айтуынша, қарым-қатынастың қайта жандануы Германия мен жалпы Еуропа үшін сынақ кезеңінің аяқталғанын білдіреді.