АЛМАТЫ, 18 қаңтар – Sputnik. Астанада 11 жастағы Алтынай Өтеубаева төрт тілде 853 кітап оқыған. Жеткіншектің кітапқа құмарлығы қай кезден басталғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне анасы айтып берді.
Астанадағы №17 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Алтынай Өтеубаева қатарластары арасында оқуда көш бастап тұр. Он бір жасар оқушы 853 кітап оқыған. Анасы Дина Өтеубаева Алтынайды бір жасынан бастап кітапқа баулыған.
"Бір жарым жасында суреті бар кітаптарды көрсетіп сөйлей бастады. Алтынай төрт жасқа толғанда Ұлбританияға барып, сол жақта үш жарым жыл тұрдық. Мектепке де сол жақтан барды, кітапханаларға жиі баратын едік. Көбіне көркем әдеби кітаптарды жақсы көретін. Қазір қиял-ғажайып кітаптар оқиды", - дейді Дина Өтеубаева.
Алтынай қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген. Арманы - Кембридж, Оксфорд университтеріне түсу.
"Мен Алтынайға телефон ұстатпадым. Бос уақытында үнемі кітап оқып отыратын. Теледидарды да көрсетпедім, анда-санда балаларға арналған қызықты бағдарламалар көретін. Төртінші сыныпқа келгенде кнопкалы ұялы телефон ұстады. Жақында ғана смартфон алып бердік. Өйткені Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге дайындалып жүр, сол себепті смартфон алдық. Оның өзінде жарты, болмаса бір сағаттан көп пайдалануға рұқсат етпеймін. Сабақ онлайн өткен кезде смартфонды ұзақ ұстауға тура келеді", - дейді жеткіншектің анасы.
Астанадағы №17 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Алтынай Өтеубаева
© Sputnik / Айдана Дайырова
Алтынайдың ата-анасы мемлекеттік қызметкер, отбасында үш бала бар, Алтынай үйдің үлкені.
"Қанша жерден қауырт болып жүрсең де баланы үнемі бақылауда ұстап, дамыту керек. Біздің әжеміздің де көмегі өте зор. Ол кісі Алтынайды дамытуға үлкен септігін тигізді", - дейді Дина Өтеубаева.
Алтынай кітап оқумен қоса шығармашылықпен де айналысады. Сурет салып, музыкамен әуестенеді.
"Балаға әдетте ойынды қой деп жатса, мен Алтынайға кітапты қоя тұр деп айтумен боламын. Өйткені бір кітапы бастаса, аяғына жетпейінше тынбайды. Сағат 22:00-де баланы міндетті түрде ұяйықтатып тастаймын. Сол кезде ылғи кітапты қой, ұйықта деп айтумен боламын. Болмаса шағын кітапты оқы, оқып тауыса алмай қаласың деймін", - деп атап өтті Дина.
Алтынай мектеп кітапханасындағы барлық кітапты толық оқыған. Сонымен қатар оның үйінде өзінің үлкен кітапханасы бар.
"Қазақ тілінде тарихи кітаптарды оқыды. Бірақ қазақтың басына түскен қиындықтар, бастан кешкен оқиғалары Алтынайға ауыр әсер етті. Сол себепті қазақша тарихи кітапты оқуды кейінге қалдырта тұрғанды жөн көрдім. Жасы өсе келе оқиды", - дейді жеткіншектің анасы.
Алтынайға ата-анасы кітапты шетелден әкеліп тұрады, болмаса шетелге жолаушылаған таныстары арқылы алдырады.