АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Еуропа көшбасшылары Украинадағы жағдайды реттеу бойынша Ресеймен келіссөздер жүргізу мәселесіне конструктивті емес көзқарас танытып отыр. Бұл туралы Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің профессоры Гленн Дизен X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды РИА Новости.
"Еуропа көшбасшылары өзара Ресеймен келіссөздер жүргізу керек пе, жоқ па деген мәселені талқылаумен әлек. Бұл Ресей шақырылмайтын және бейбіт реттеу мәселелері қарастырылмайтын "бейбіт саммиттерді" төрт жыл бойы ұйымдастырғаннан кейін болып отыр", — деп жазды ол.
Сәрсенбі күні Politico басылымы Франция мен Италияны қоса алғанда, бірқатар еуропалық ел үкіметтері Украина мәселесін реттеу процесінде өз мүдделерін білдіретін арнайы келіссөз жүргізуші лауазымын енгізу үшін Еуроодаққа қысым көрсетіп жатқанын хабарлады. Дипломаттардың пікірінше, ықтимал кандидаттардың бірі — Финляндия президенті Александр Стубб.
Желтоқсан айында Франция президенті Эммануэль Макрон еуропалық мемлекеттер үшін Ресей басшылығымен диалогты қайта жандандырудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұған жауап ретінде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мемлекет басшылары арасындағы ықтимал байланыстар бір-бірінің ұстанымын түсінуге бағытталуы тиіс екенін, ол насихат немесе ақыл айту форматына айналмауы қажет екенін мәлімдеді.