АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Әнші Маржан Арапбаева өзін соққыға жыққан азаматтық некедегі күйеуінің үстінен арыз жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде 43 жастағы Ербол Нұрмұхамбетовтың қоғамдық жерде балағат сөз айтып, Маржан Арапбаеваны соққыға жыққаны жайында ақпарат тарады. Астананың полициясы бұл оқиғаның болғанын Sputnik Қазақстанға растады.
Әншінің күйеуі қоғамдық жерде балағат сөз айтқаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. Бұл ұсақ бұзақылық болып саналады.
"Сондай-ақ, жанжал кезінде ол азаматтық некедегі жұбайына қарсы күш қолданған. Оған қатысты дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша қосымша арыз тіркелді", - дейді полицейлер.
Сот шешімімен басбұзар былапыт сөз айтқаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Қазіргі кезде соққыға жығу бойынша қосымша арыз қаралып жатыр.