Қазақ көкпары 2026 жылғы Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енді

Жарыс бағдарламасына жалпы 43 ұлттық спорт түрі енгізілген
Sputnik
АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Биыл Қырғызстанда өтетін көшпенділер ойындарының бағдарламасына қазақтың көкпары енді. Бұл туралы Қазақстан көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Былтыр ойындар тізімі шыққанда қазақтың көкпары болмаған, тек көкбөрі енгізілген еді.
"Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, қырғызстандық әріптестермен талқылай келе осындай шешімге қол жеткіздік. Көкпар да, көкбөрі де қазақ пен қырғыздың ұлттық болмысын айқындайтын негізгі спорт түрлері. Бұл - тек ойын емес, ұрпақтар сабақтастығы, ортақ мәдени код. Сондықтан мұндай халықаралық жарыстарда спорт достық пен бірліктің нышаны болуы керек", - деді Қожаназаров.
Айта кетері, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында Қырғызстанда өтеді.
Жарыс бағдарламасына жалпы 43 ұлттық спорт түрі енгізілген. Ойындарға шамамен 100 елдің спортшылары қатысады деген болжам бар.
Ыстықкөлде ТМД және ШЫҰ елдерінің халықаралық спорт ойындары басталды