АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Сенатор Жанна Асанова мас күйінде ұсталған көлік жүргізушілерін тексеру тәртібін өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Бүгінде ұсталған көлік жүргізушілерінің алкогольдік және наргологиялық мастық деңгейі тек мемлекеттік мекемелерде тексеріледі.
"Мысалы, Алматыда 2 миллионнан астам адам тұрады. Бірақ екі ғана зертхана бар. Соған мас деп ұсталған барлық жүргузішіні апарады. Былай қарағанда, ондай зерттеулерге кәдімгідей монополия қалыптасып қалды", - деді Асанова сенаттың бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, тексеріс жасау үшін көлік жүргізушілері де, полицейлер де көп уақыт кетіреді. Бұдан бөлек, ұсталған адамдарда тәуелсіз сараптама жасауға мүмкіндік жоқ. Ал синтетикалық есірткі сияқты заттарды анықтау үшін заманауи құрал-жабдықтар қажет.
"Ал елімізде заманауи құрал-жабдықтары мен кәсіби мамандары бар жеке меншік зертханалар желісі жұмыс істейді. Бірақ осы мүмкіндікті мүлдем пайдаланбаймыз. Сосын кеңейтілген тексерісті сол адамның есебінен жасау қажет. Сонда бюджетке де салмақ түспейді", - деп атап көрсетті Асанова.
Осы орайда сенатор медициналық куәландыруды жеке меншік зертханаларда өткізу жүйесін енгізуді ұсынды. Ал ұсталған адам оны өзі таңдауы қажет.