Үкімет геологиялық барлауға 240 млрд теңге бөледі

Sputnik
АСТАНА, 14 қаңтар – Sputnik. Үкімет геологиялық барлау жұмыстарына 240 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді.
Өткен жылы жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырым болатын 1:50.000 масштабтағы геологиялық түсірілім жүргізуге арналған 20 жоба әзірленді, одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырым болатын ең перспективалы учаскелерді қамту көзделіп отыр.
"Салыстыру үшін айтатын болсақ, кеңес заманында жасалған картаның бұрынғы масштабы 1:200.000 болды. Таяудағы үш жылда жоғарыда аталған 20 жобаны жүзеге асыру үшін, сондай-ақ аз зерттелген шөгінді бассейндер аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге, қазіргі заманғы геологиялық инфрақұрылымды құруға 240 млрд теңге немесе шамамен $500 млн бағыттау жоспарланып отыр, жалпы соңғы 15 жылда $469 млн салынды", - деп жазылған хабарламада.
Жобаларға Жерді қашықтықтан зондтау деректерін талдау, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулер, далалық жұмыстар кешені кіреді.
Учаскелер тізбесін қалыптастыру кезінде қорлардың сарқылу факторлары, жер қойнауын пайдаланушылардың болмауы не ең аз саны және пайдалы қазбалардың басым түрлері бойынша перспективалылығы ескерілді. Нәтижесінде мыс, алтын, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, барит, боксит кен орындарын анықтау бойынша әлеуеті жоғары алаңдар анықталды.
"Бұдан бөлек, аз зерттелген мұнай-газ перспективалы – Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария бассейндерінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ зертханалық-талдамалық базаны жаңғырту және геологиялық деректерді цифрландыру көзделуде", - деп толықтырды үкімет.
Осы масштабта жер қойнауын геологиялық зерттеуге көшу Еуропалық Одақ, Канада, Австралия, Қытай елдерінің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келетін геологиялық болжамдардың дәлдігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.