АСТАНА, 14 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында барлық көлік түрімен жөнелтілген жүк көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 7,9% өсті, деп хабарлады ұлттық статистика бюросы.
Есептік кезеңде жалпы 1,1 млрд тонна жүк тасымалданды. Кәсіпорындардың жүк тасымалынан тапқан табысы 5,7 трлн теңгені құрады.
"Жүк тасымалының негізгі үлесін теміржол көлігі алады – жалпы көлемнің 40,1%. Есептік кезеңде теміржол көлігімен 466,7 млн тонна жүк тасымалданды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8% көп. Бұл тасымал түрінен түскен табыс 2,2 трлн теңгені құрады", - деп жазылған хабарламада.
Автомобиль көлігімен 352,7 млн тонна жүк тасымалданса, құбыр арқылы тасымал көлемі 339,8 млн тонна болды.
Сонымен қатар ұшақ арқылы 30,1 мың тонна жүк тасымалданды, ондағы жылдық өсім – 8,1%. Жүк тасымалынан кәсіпорындар 18,9 млрд теңге табыс тапқан.
2025 жылдың 12 айындағы жүк айналымы 584,3 млрд тонна-километрді құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,6% артты.