АСТАНА, 14 қаңтар – Sputnik. Атырау облысында 2 мыңға жуық студенттердің қатысуымен ашық сот процесі ұйымдастырылды, деп хабарлады бас прокуратура.
Атырау облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен бірлесіп, колледж студенттеріне арналған көрсетілімді (ашық) сот процесін ұйымдастырды.
Ашық сот процесіне көпсалалы 4 жоғары колледжінің 2 мыңға жуық студенттері онлайн форматында қосылып, сот отырысын тікелей көрді. Сот отырысын тікелей көрсету арқылы жастарға құқықтық тәрбиені заманауи тәсілмен жеткізу мақсат болып отыр.
"Сот отырысында сотталушылар 10 адам, оның ішінде 1 кәмелетке толмаған, адамдар тобымен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру және бұзақылық фактілері бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу жазалары тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Облыс прокуратурасы барлық азаматты заң талаптарын қатаң сақтауға, кез келген құқық бұзушылық көріністеріне нөлдік төзімділік танытуға шақырады.