АЛМАТЫ, 11 қаңтар – Sputnik. Таиландта қайық траулермен соқтығысты. Зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сыртқы істер министрлігі хабарлады.
"Мәлімет тексеріліп жатыр, әзірше Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түспеді", - дейді министрлік.
Апат салдарынан 18 жастағы ресейлік қыз қайтыс болды. Оқиға Пхи-Пхи аралдарының маңында Астана уақытымен сағат 9:05-те болған. Туристік қайық пен шағын балық аулау траулері соқтығысқан.
Барлығы 22 адам зардап шекті: Таиландтың үш азаматы (экипаж мүшелері) және 19 шетелдік турист.
Пхукет провинциясы әкімшілігінің көмегімен Пхи-Пхи аралындағы ауруханада алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шеккендердің бір бөлігі одан әрі емделу үшін Пхукетке жеткізілді.
Айта кетері, апат салдарынан туристер отырған қайықтың тұмсық бөлігі қираған.