Отарда сарбаз қолын жарақаттады – әскери гарнизон не дейді

Sputnik
АЛМАТЫ, 8 қаңтар – Sputnik. Отардағы әскери бөлімде сарбаз өзіне жарақат салды. Оқиғаға қатысты Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Оқиғаға қатысты ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Онда сарбаз саусағын балтамен шапқаны айтылған.
"6 қаңтарда таңертеңгі тексеру кезінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші, қатардағы жауынгер Т сол қолының саусақтарына металл затпен зақым келтірді. Жәбірленуші дереу әскери госпитальға жеткізілді", - дейді әскери ведомство.
Оған медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, денсаулығына қауіп жоқ.
Құрлық әскерлері сарбаз саусақсыз қалды деген ақпаратты жоққы шығарды.
"Жәбірленушінің айтуынша, бұл әрекет жеке себептер бойынша жасалған және әскери қызметті өткерумен, сондай-ақ әскери бөлім командирлерінің немесе лауазымды адамдардың әрекеттерімен байланысты емес. Тікелей бастықтың ескертуінен кейін жарақат алғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", - дейді әскерилер.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрлігі Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының гвардиялық бөлімі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға орнына арнайы комиссия жіберілген.