Қаңтар оқиғасына 4 жыл: Алматының орталығы қалай өзгерді

2022 жылғы тәртіпсіздіктерден кейін мемлекеттік бюджеттен Алматы қаласын қалпына келтіруге 90 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды
Sputnik
АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Осыдан тура төрт жыл бұрын Қазақстанда газ бағасына қатысты наразылықтар басталып, арты жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Сол кезде, әсіресе, Алматы қаласы қатты зардап шекті. Бұл қаралы күндер тарихта "Қаңтар оқиғасы" болып қалды. Sputnik Қазақстан тілшісі Алматыны аралап, төрт жыл бұрын Қаңтар оқиғасы кезінде қиратылған және өрттенген нысандардың қалай өзгергенін көріп қайтты.
Әуелі Алматыда тыныш болды. Халық Республика алаңында жиналып, өз наразылықтарын білдірді. Бірақ артынан екі күннің ішінде қаланың астан-кестені шықты. Ұйымдасқан топтар қару-жарақ дүкендерін тонап, күштік құрылымдардың қоймаларына баса көктеп кірді. Мемлекеттік органдардың ғимараттары өрттенді. Сауда орталықтары мен банкоматтар тоналды.
7 қаңтар, 2022 жыл. Сәтбаев көшесінде Республика алаңының жанында белгісіз адамның денесі жатыр
Қалада оқтың дыбысы толастамады. Оны жергілікті тұрғындар ешқашан ұмытпайды. Дегенмен, қаладағы жағдай бақылауға алынғаннан кейін бірден қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын.

Әкімдік ғимараты

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласының әкімдігі толығымен жанып кетті. Бірақ басбұзарлар оған бірден кіре алмады. Ғимаратты полиция ғана емес, сарбаздар да сақтап қалуға тырысты.
Алайда 5 қаңтар күні сағат 11-дің кезінде мыңдаған адамнан құралған қарулы топ тағы бір шабуыл кезінде терезелерді сындырып, кабинеттерге Молотов коктейлдерін лақтыра бастады. Әкімдік өртке оранды.
Әкімдік қызметкерлері мен сарбаздар далаға шығуға мәжбүр болды. Ал бүлікшілер оларды соққының астына алды. Артынан ғимараттың шатырынан десанттық шабуылдаушы бригада командирінің орынбасары, подполковник Сәндібек Хаировтың денесі табылды. Басбұзарлар оны өлтірген, ал денесін өртеп жіберуге тырысқан.
1 / 8

Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл. Әкімдік ғимараты жанындағы тәртіпсіздік

2 / 8

Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Әкімдік ғимараты өртке оранды

3 / 8

Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Әкімдік ғимараты өртке оранды

4 / 8

Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіруге 17 миллиард теңге жұмсалды

5 / 8

2022 жылы 23 желтоқсанда Алматы әкімдігінің ғимараты жанында қаңтар оқиғасы құрбандарына Тағзым мемориалы ашылды

6 / 8

Алматы әкімдігінің ғимараты

7 / 8

Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл. Әкімдік ғимараты

8 / 8

Алматы әкімдігінің қалпына келтірілген ғимараты

Алматы әкімдігі екі күн бойы 7 қаңтарға дейін өртенді. Сараптама ғимаратты қалпына келтіруге болады деген шешімге келген. Бірақ ол үшін қаңқасын ғана қалдырып, қалғанын жаңадан жасап шығу қажет болды. Ел бюджетінен жөндеу жұмыстарына 17 миллиард теңге жұмсауға тура келді.

Президент резинденциясы

Ал әкімдіктің дәл жанында орналасқан президенттік резиденцияны қалпына келтіру мүмкін болмады.
Алматыдағы президент резиденциясы, 6 қаңтар
Күштік құрылымдар осы ғимаратты да қорғап қалуға тырысқан. Бірақ бүлікшілердің шабуылы қатты болды. Олар әскери КамАЗ-дар мен өрт машиналарымен қоршауды бұзып, ғимаратқа баса көктеп кірген. Ал бірінші қабатта көлікті жарып жіберді.
2025 жылы қазанда Республика күніне орай Алматыдағы президент резиденциясы орнында саябақ ашылды
Қаңтар оқиғасынан кейін президент резиденциясының орнына жаңа саябақ салынды. Оны 2025 жылы қазанда Республика күніне орайластырып ашты.

13-ші ғимарат Республика алаңында орналасқан

№13-ші ғимаратта жаппай тәртіпсіздіктерге дейін бизнес орталық болды.
Ол жерде кәсіпкерлерден бөлек КТК, МИР, 1 Еуразия арнасы, радиостанциялар, газет пен ақпарат агенттіктері жұмыс істеді. Бүлікшілер осы ғимаратта тікелей эфирге шығып, өз талаптарын жариялауды жоспарлаған.
Бірақ бірде-бір студияда ондай мүмкіндік болмаған. Содан қарулы топ құнды заттарды шығарып, бәрін қиратуға кіріскен. Кеңселердің бір бөлігін жағып жіберді. Ал өрт сөндірушілер жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты бірнеше күн бойы ғимаратқа жақындай алмады.
Республика алаңындағы №13-ші ғимарат
6-7 қаңтар күндері дәл осы ғимаратта жасырынған топ тәртіп сақшыларымен бірнеше рет оқ атысқан.
1 / 5

Республика алаңындағы №13-ші ғимарат өртке оранды

2 / 5

Республика алаңындағы №13-ші ғимаратқа атылған оқтың іздері

3 / 5

Республика алаңындағы №13-ші ғимаратқа қарсы жанған көлік

4 / 5

Республика алаңындағы №13-ші ғимарат өртке оранды

5 / 5

Республика алаңының қазіргі көрінісі

Қаңтар оқиғасы кезінде бизнес орталық қатты зақымданды. Соған қарамастан алаңның бірыңғай сәулетін сақтап қалу мақсатында ғимаратты қалпына келтіруге шешім қабылданған болатын. Бірақ жөндеу жұмыстары созылып кетті. Мердігерлер жаңартылған ғимаратты 2026 жылдың басында пайдалануға береміз деп отыр.
Республика алаңындағы 13-ші ғимарат қаңтар оқиғасынан кейін қайта қалпына келтіріліп жатыр

Qazaqstan арнасының кеңсесі

Республика алаңының келесі жағында Qazaqstan телерадиокомпаниясының ғимараты орналасқан еді. Бүлікшілер оны да өртеп жіберді. Сараптаманың қорытындысы – "қалпына келтіруге келмейді". Оның орнына жаңа телеорталық салу туралы шешім қабылданды.
1 / 4

Экспертизадан кейін Qazaqstan арнасының кеңсесін бұзып, қайта салуға рұқсат берілген

2 / 4

Тәртіпсіздік салдарынан Qazaqstan арнасының ғимараты толықтай жанып кетті

3 / 4

Qazaqstan арнасының ғимараты қаңтар оқиғасы кезінде жанып кетті

4 / 4

Qazaqstan арнасының жаңа ғимараты

Жаңа нысанды салуға жергілікті бюджеттен 22,2 млрд теңге бөлінді. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Заманауи медиаорталық 2026 жылы ашылады деген жоспар бар.
Qazaqstan арнасының жаңа ғимараты 2023 жылы пайдалануға берілген еді

Сәтбаев пен Назарбаевтың қиылысы

Қаңтар оқиғасы кезінде осы көшелердің қиылысында тәртіп сақшылары мен бүлікшілер арасындағы қақтығыстар қатты болды. Соның айқын көрінісі - бетон блоктардан жасалған баррикадалар, темір-терсектер мен өртенген көліктер. Дәл сол жерден бірнеше адамның мәйіті табылды. Сәтбаев пен Назарбаевтың қиылысындағы бизнес те айтарлықтай зардап шекті. Дүкендер мен дәмханалар тоналды. Бүлікшілер ондай жерлерде өз штабтарын да ұйымдастырған. Сонда тамақ ішкен, демалған, зардап шеккен және жарақат алған өз адамдарына көмек көрсетті.
1 / 5

Сәтбаев пен Назарбаев көшелері қиылысынан Достық даңғылына қарайғы көрініс, 7 қаңтар 2022 жыл

2 / 5

Сәтбаев пен Назарбаев көшелері қиылысындағы бұзақылар тонап, қиратып кеткен дәмхана. 6 қаңтар 2022 жыл

3 / 5

Сәтбаев пен Назарбаев көшелері қиылысындағы Республика алаңы, 13-ші ғимарат

4 / 5

Сәтбаев пен Назарбаев көшелері қиылысындағы барикадалармен жабылған жол, 6 қаңтар 2022 жыл

5 / 5

Сәтбаев пен Назарбаев көшелері қиылысынан Достық даңғылына қарайғы жол. 2022 жылы бұл жерде барикадалар мен оқ атылған көліктер тұрған

Қалада тәртіп орнатылғаннан кейін полицейлер қиылыста бақылау-өткізу бекетін ұйымдастырып, ары-бері өткен көліктерді тексерді. Бүгінде екі көшенің қиылысы ашық. Одан өткен кейбір көлік жүргізушілері ғана төрт жыл бұрын болған оқиғаларды еске алып жатады.
Назарбаев-Сәтбаев қиылысы, 7 қаңтар 2022 жыл

Алматының Арбаты

Бүлікшілер Республика алаңына жақын жердегі Арбатта да ойран салды. Ол жерде бірнеше сауда орталығы тоналды.
Алматы Арбатын жаңа жылға безендіріп жатыр
Арбаттың тұрғындары далаға шығуға қорықты. Көбісі тек үйдің астындағы дүкенге шығып жүрді.
Алматы Арбаты, көшеде адам жоқ. 7 қаңтар 2022 жыл
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қалада азық-түлік тапшылығы да байқалды. Бірақ жағдай тұрақталғаннан кейін фермерлер көмекке келді. Олар сауда орындарына ет, нан, сүт және тағы басқа тауарларды әкеле бастады. Бағасын да қатты көтерген жоқ.
Алматы Арбатының бүгінгі көрінісі

Полиция департаменті

Алматы полиция департаментінің маңайында қарулы қақтығыстардың қарқыны қатты болды.
1 / 3

Алматы полиция департаментінің азаматтарды қабылдау орнын шабуылдаушылар толығымен жағып жіберді

2 / 3

Алматы полиция департаменті жанында жанған техника

3 / 3

Алматы полиция департаменті жанында оқ тиген көліктер

Бүлікшілер ғимараттағы қару-жарақ қоймасын алуға тырысқан. Олардың шабуылдары 5 қаңтарда кешкі уақытта басталды. Содан таңға дейін полиция ғимаратына 27 рет шабуыл жасаған. Әскери техниканы да, жол талғамайтын көліктерді де пайдаланды.
1 / 3

6 қаңтар 2022 жыл. Шабуылшылар ауыр техникамен қоршауларды бұзды

2 / 3

6 қаңтар 2022 жыл.

Шабуылшылар ғимаратқа оқ атты

3 / 3

Полиция департаментінің азаматтарды қабылдау орны толығымен қалпына келтірілді

Ал 6 қаңтар күні таңғы уақытта полицейлердің оқтары таусыла бастады. Сол кезде ұлттық ұлан көмекке келді. Сарбаздар қоршауға алынған ғимаратқа қосымша қару-жарақ жеткізді. Сол күні департаменттің маңайы бақылауға алынған болатын. Периметр бойымен бронетранспортерлер де қойылды. Түнде аудандық полиция ғимараттарына да шабуыл жасалған еді. Бірақ оған тойтарыс берілді.

Алматы әуежайы

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Алматының халықаралық әуежайы бүлікшілердің басты нысанына айналды. Негізгі мақсат – әуе айлағының жұмысын тоқтатып, қалаға Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының қарулы күштерін кіргізбеу. 5 қаңтар күні кешкі сағат сегізге таман әуежай ғимаратына шабуыл жасалды.
1 / 2

Алматы әуежайындағы тәртіпсіздік

2 / 2

2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін Алматы әуежайы толығымен қалпына келтірілді

Арматура мен бита ұстаған жас жігіттер терминал ғимаратына бас көктеп кіріп, сауда орындарын, кассалар мен банкоматтарды қиратты. Диспетчерлік қызмет ғимаратына барып, ұшу-қону жолағының жарықтарын өшіруді талап еткен. Ғимаратта болған жолаушылар бәрін тастап, қаша жөнелді.
Ал әуежай қызметкерлері ұшайын деп тұрған бірнеше ұшақты қауіпсіз жерге апарып үлгерген. Әуежай 10 сағаттай бүлікшілердің бақылауында болды. 6 қаңтар күні таңғы уақытта қарулы күштердің сарбаздары оларды ғимараттан қуып шықты. Алматы әуежайына келген шығынның көлемі 700 миллион теңгені құрады. Бірақ бұл ақша бюджеттен төленген жоқ. Барлық шығын сақтандыру компаниясының есебінен жабылды.
Алматы әуежайының қазіргі көрінісі
Жалпы, 2022 жылғы тәртіпсіздіктерден кейін мемлекеттік бюджеттен Алматы қаласын қалпына келтіруге 98 миллиард теңге жұмсалды. Сол күндері күштік құрылымдардың 9 қызметкері қаза тапты. Бұдан бөлек 2 260 қызметкер жарақат алған.