АСТАНА, 1 қаңтар – Sputnik. Астанада Жаңа жыл мерекесіне орай отшашу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Отшашу демеушілердің қаражаты есебінен 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 00:00-де екі орыннан – Атырау көпірі маңындағы жағалаудан және Ботаникалық бақ аумағынан атылды.
"Фейерверктің ұзақтығы шамамен бес минутты құрады. Оның биіктігі 200 метрге дейін жетіп, әр алаңда 1500-2000 отшашу атылды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар қаладағы үш алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттер ұйымдастырылды.
Іс-шараларға Зарина Омарова, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев, Қазыбек Құрайыш, Серік Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, сондай-ақ "Melomen", "Бәйтерек" топтары және өзге де өнер жұлдыздары қатысты.
Мерекелік іс-шаралардың бәрі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілді.