Қанша теміржол қызметкері Жаңа жылды жұмыста қарсы алады

Sputnik
АЛМАТЫ, 31 желтоқсан - Sputnik. Жаңа жылдық мерекелер кезінде елдің теміржол көлігі штаттық режимде тәулік бойы жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Сала қызметкерлері жолаушылар мен жүктерді үздіксіз тасымалдап, теміржол инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
"Жаңа жылдың алдында жүк қозғалысының 1 685 машинисі, 357 жолаушылар пойызының машинисі және 698 шаруашылық және маневрлік қозғалыс машинисі түнгі кезекшілікке түседі", - дейді компания.
Теміржол вокзалдарында мереке күндері 122 билет кассасы, оның 40-ы 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні жұмыс істейді.
Жаңа жыл қарсаңында пойыздарға 81 пойыз бригадасы және 1 600-ден астам жолсерік тартылады.
Мерекелік түнде пойыз бригадаларымен қатар вокзалдар бойынша кезекшілер, анықтамалық бюро қызметкерлері, тасымалдауды басқару орталықтарының диспетчерлері және тағы басқа мамандар қызмет атқаруды жалғастырады.
31 желтоқсанда теміржолшылар вокзалдар мен пойыздарда жолаушыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтайды.