АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов пен каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Қанайға су жаңа автокөліктердің кілтін табыстады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов
© Photo : Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әкім өңір мақтанышы Сәкен Бибосыновтың халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келе жатқанын айтып, оның Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, екі рет әлем чемпионатында топ жарғанын, биыл Дубай қаласында өткен әлем чемпионатында 54 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанғанын ерекше атап өтті.
Египетте өткен каратэден әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған Әсел Қанай
© Photo : Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ өңір басшысы Египетте өткен каратэден әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған Әсел Қанайдың жетістігіне тоқталып, бұл жеңістің айрықша мәнге ие екенін жеткізді. Әсел Қанайдың 2025 жылы өз салмақ дәрежесінде әлемнің ең үздік спортшысына берілетін "Гранд Виннер" атағын иеленуі, сондай-ақ бұған дейін Азия ойындарының қола жүлдегері және Азия чемпионатының жеңімпазы атануы оның жоғары деңгейдегі спортшы екенін дәлелдейді.
"Облыс әкімі осындай чемпиондарды тәрбиелеп шығарған бапкерлер мен ата-аналарына алғысын білдіріп, алдағы басты мақсат Олимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салу екенін атап өтті", - деп жазылған хабарламада.
Марапаттау рәсімінде каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Қанай және бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа автокөлік кілті табысталды.