Мемлекетке 1,3 млрд теңгеге жуық салық төлемеген күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Ол адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы іс жүзінде жұмыстарды орындамай жалған шот-фактураларды жазу схемасын ұйымдастырған
Sputnik
АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Мемлекетке миллиард теңгеден астам шығын келтіргені үшін іздеуде жүрген Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлады бас прокуратура.
Күдікті 2023-2024 жылдары Алматыда коммерциялық құрылымды басқара отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы іс жүзінде жұмыстарды орындамай жалған шот-фактураларды жазу схемасын ұйымдастырған.
"Заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке шамамен 1,3 млрд теңге көлемінде салықты төлемеу түрінде залал келтірілген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған", - деп жазылған хабарламада.
2025 жылдың қыркүйегінде ол Грузияда ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 2025 жылдың сәуір айында аталған қылмыс бойынша оның сыбайласы бас бостандығынан айыру үкімімен сотталған болатын.
Банк ақшасын ұрлаған адам Швециядан экстрадицияланды