АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда 14,1 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 103 шетел азаматы еңбек етеді.
"Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 817 жұмыс беруші бар. Оларда 334,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы", - деп жазылған хабарламада.
Министрлік хабарлауынша, экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 993 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 316 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 235 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 155 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:
Қытай – 5 604 адам;
Өзбекстан – 2 110 адам;
Түркия – 1 036 адам;
Үндістан – 943 адам.
2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.