Батыс Қазақстанда аяздан мал өлді - ауданда төтенше жағдай жарияланды

Казталов ауданында төтенше жағдай жарияланды
Sputnik
АЛМАТЫ, 19 желтоқсан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желіде ауданға қарасты Саралжың ауылындағы шаруа қожалығында үйір жылқы қырылып қалғаны туралы ақпарат тарады. Малдың иесі өлген малды көрсетіп, видео жариялаған. Одан жылқылардың қарға көміліп жатқан өлекселерін көруге болады.

"Бұл жылқылардың иесі мен едім. Әр адам әртүрлі пікір жазып жатыр екен. Мен де бұлай болғанын қаламадым. Білсем бір амалын жасар едім. Адал еңбек, маңдай термен әкемнің бір бас биеден көбейткен жылқылары еді. Сақа айғыр 15 жылдай үйірде жүрген, қандай ауа райы болсын орнында - іздемейсің, қандай қыс болса да, үйірді аман алып шығып жүрген жануар, соған сеніп қалғаннан да шығар", - дейді қырылған жылқылардың иесі Самғат Болатов.

Аудандық әкімдік бұған дейін шаруаларға малды қамап ұстау туралы бірнеше рет ескертілген дейді.
"Оқиға болған жер Жәнібек ауданымен шекаралас. Жалпы қожалықтарға, жеке тұрғындарға малды қорада қамап ұстау туралы бірнеше рет хабарландыру берілді. Өкінішке қарай, мал иелерінің салғырттығынан болып отыр. Қазір аудан әкімдігі тарапынан шығын есептеліп жатыр. Ірі қара мен қой санын есептеп жатырмыз. Оның алдында Нұрәлі қыстағында да қойды қораға емес, шарбаққа қамаған. Содан аязда қырылып қалды", - дейді Қазталов ауданы әкімдігі.
Әкімдіктің мәліметінше, қырылған мал саны туралы ақпарат бермейтін шаруалар бар.

"Казталов ауданы әкімінің 15 желтоқсандағы №13 шешімімен Казталов ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды", - деп жазды әкімдік.

Шығыс Қазақстанда мал қырылды