АСТАНА, 18 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан жаңа жылдық мерекелер кезеңінде Қытай туристері арасында ең сұранысқа ие шетелдік бағыттардың жетілігіне кірді, деп хабарлады "Kazakh Tourism" Қытайдың ірі онлайн-туроператоры Tongcheng Travel есебіне сілтеме жасап.
Деректерге сәйкес биылғы желтоқсан айының басынан жаңа жылдық мерекелерге дейінгі кезеңде Қытайдың ірі қалаларынан Қазақстанға әуе билеттерін брондау саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50%-дан астамға артқан. Қонақүйлерді брондау көрсеткіші 80%-дан аса өсті.
"Қытайдың шығу туризмі құрылымында Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа бағыттарына қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтіледі. Қазақстан қысқы демалыс пен белсенді туризм түрлері үшін перспективалық бағыт ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Қытай туристері арасында ең танымал қалалар - Алматы мен Астана", - деп жазылған хабарламада.
Tongcheng Travel сарапшылары Қазақстандағы тау шаңғысы орындарына cаяхатқа сұраныс қараша айының соңынан бастап артқанын хабарлады.
Жалпы биылғы 11 айда Қытайдан Қазақстанға келушілер қатары 876 мыңнан асты. Ал 2024 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 655 мыңды құраған.