Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес - Тоқаев

Президент энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады
Sputnik
АСТАНА, 17 желтоқсан - Sputnik. Мемлекет басшысы энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін құттықтады
Ақордада өткен салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтіп, энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін құттықтады
Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, еліміз экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріп отыр. Заманауи өндіріс орындарын ашып, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты.
"Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін құттықтады
Тоқаев Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіретінін атап өтті.
Ол қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатқанын алға тартып, атом станциясының құрылысын бастау туралы стратегиялық шешімнің маңызына назар аударды. Президенттің пайымдауынша, бұл болашақта еліміздің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, экономикамызды қайта құруға ықпал етеді.
Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін құттықтады
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды ресурстарды үнемдеп пайдалануға шақырды.
Оның айтуынша, бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау керек.
"Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Халқымыз "Үнемшілдік – ырыстың кілті" деп бекер айтпаған. Біз осы қасиетті ұлттық дағдымыз етіп, қоғамда мүлдем жаңа мәдениет қалыптастыруымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.
Энергетика, білім және мәдениет: Тоқаев пен Путин не туралы уағдаласты