АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысы "2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", - деп жазылған хабарламада.
Бұл құжат негізгі әлеуметтік параметрлерді белгілейді. 2026 жылға арналған негізгі көрсеткіштер:
ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (өзгеріссіз қалды);
ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге (2025 жылы 62 771 теңге болды);
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге);
ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге);
АЕК – 4 325 теңге (2025 жылы – 3 932 теңге).
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Еске сала кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов 2025 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында жалақыны көтеруге 1,8 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеген болатын.
Келесі жылдан бастап балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жұмыс істейтін жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 30 % көлемінде өседі.