"Үздік имам" білім сайысының жеңімпаздары анықталды

Имамдар арасындағы бұл жарыс жыл сайын жаңа деңгейде ұйымдастырылып, дәстүрге айналады
Sputnik
АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Астана қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мешітінде І республикалық "Үздік имам" интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Марапаттау рәсіміне арнайы қатысқан ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
"Бүгінгі білім сайысы әрбір имамның өз әлеуетін көрсетіп, білімін шыңдап, тәжірибесін байытуына үлкен мүмкіндік туғызды деп есептеймін. Білім сайысына еліміздің әр облысынан іріктеліп келген ең үздік имамдар өздерінің білімі мен парасын паш етті. Сондықтан осы сайысқа қатысқан әрбір имам жеңімпаз атанды деп санаймын. Алла қаласа, имамдар арасындағы бұл жарыс жыл сайын жаңа деңгейде ұйымдастырылып, дәстүрге айналады деген сенімдемін", – деді бас мүфти.
Әділқазылар алқасының шешімімен І республикалық "Үздік имам" интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары төмендегідей:
I орын: Бекзат Азатбекұлы Құсанбаев – ШҚО, Өскемен қалалық орталық мешітінің наиб имамы (500 мың теңге)
II орын: Нұрлан Мұрат – Жамбыл облыстық "Һибатулла Тараз" мешітінің наиб имамы (400 мың теңге)
III орын: Қуаныш Тоқсанбайұлы Әбішев – Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы (300 мың теңге)
Сонымен қатар жарысқа қатысып, жүлдегерлер қатарына енбеген имамдарға 50 000 теңгеден ынталандыру сыйақысы берілді.