АСТАНА, 4 желтоқсан - Sputnik. Маңғыстау облысында құрылысшы жігіт лифт шахтасына құлап қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қайғылы жағдай 4 қарашада болған. 20 жастағы құрылысшы 6-қабаттан лифт шахтасына құлап көз жұмды.
"Нысанда әк дайындау үшін алтыншы қабатқа құм салынған науаны көтерген. Науаны көтергеннен кейін жұмысшы қауіпсіз қашықтыққа кетпек болады. Бірақ кенеттен тепе-теңдігін жоғалтып, алтыншы қабаттан ашық лифтіге құлаған", - дейді Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясы.
Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 20-30 минуттан кейін келген. Өкінішке қарай жас жігіт жарақаттарынан қайтыс болды.
Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жазатайым оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрды. Мамандар оқиғаның мән-жайларын, себептерін және еңбек қауіпсіздігі талаптарының ықтимал бұзылуын анықтап жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.