Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Қытай Ресей активтерін Украинаға беру ұсынысына қарсы шықты

Еврокомиссия Ресейдің мемлекеттік активтерін пайдалану үшін ЕО елдерінің келісімін алуға тырысып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 3 желтоқсан – Sputnik. Қытай халықаралық құқықты бұзатын кез келген біржақты әрекетке қарсы, деп мәлімдеді сәрсенбі күні өткен брифингте ҚХР СІМ ресми өкілі Линь Цзянь. Бұл туралы РИА Новости жазды.
Бұған дейін Еврокомиссия Ресейдің бұғатталған активтері есебінен Украинаға қаржы бөлуді сәрсенбі күні ресми түрде ұсынатыны хабарланған еді.
"Қытай халықаралық құқықты бұзатын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі рұқсат бермеген кез келген біржақты санкцияға тұрақты түрде қарсы болады", — деді Линь Цзянь.
Еврокомиссия Ресейдің мемлекеттік активтерін Киев үшін пайдалануға ЕО елдерінің келісімін алуға тырысып жатыр. 185 миллиардтан 210 миллиард еуроға дейінгі сома Украинаға несие ретінде берілуге тиіс.
Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін Еуроодақ пен "Үлкен жетілік" елдері Ресейдің шамамен 300 миллиард еуроны құрайтын валюта қорының жартысына жуығын бұғаттаған. 200 миллиардтан астам қаражат Еуроодақта, негізінен (176 миллиард) әлемдегі ең ірі есеп айырысу және клиринг жүйелерінің бірі – бельгиялық Euroclear шоттарында жатыр.
Ресей сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді бірнеше рет ұрлық деп атап, ЕО жеке тұлғалардың қаражатын ғана емес, сонымен бірге мемлекет активтерін де бұғаттағанын мәлімдеді.