Orda.kz бас редакторы екі айға үйқамаққа алынды – адвокат

Тергеушілер арызданушылардың дәлелдерін тексеріп жатыр
Sputnik
АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнәр Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды, деп хабарлады оның адвокаты Мұрат Адам.
Кеше порталдың кеңсесінде және Бажкенованың үйінде тінту жүргізіліп, полиция электронды құрылғылар мен материалдарды тәркіледі.
Полиция департаменті Sputnik Қазақстанға бірнеше рет және қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін журналистке қарсы қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Судья екі айға үйқамаққа алуға қаулы қабылдады", - деп жазды Мұрат Адам.
Полицияның айтуынша, тергеушілер арызданушылардың дәлелдерін тексеріп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органдары қызметкерінің пара алып ұсталғаны туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды.
Тағы бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залалдың көлемі мен себептері туралы бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейтін деректер берілген. Бұл өз кезегінде жұртшылықты жаңсақ пікірге жетелеп, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтірген.
Orda.kz бас редакторына қатысты қылмыстық іс қозғалды