Биыл Алматы облысына барған туристер саны 2,2 миллион адамға жеткен

Бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 36 пайызға артық
Sputnik
АСТАНА, 1 желтоқсан - Sputnik. Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ Алматы агломерациясын дамыту жоспары жөнінде баяндалды.
Марат Сұлтанғазиев соңғы 3 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,8 есе артып, 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге өскенін айтты. Биылғы қаңтар-қазан айлары аралығындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,7 пайызды құрады.
Халықаралық компаниялардың қатысуымен тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия салаларында жалпы сомасы 470 миллиард теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Облыстың әлеуметтік дамуына қатысты дерекке сәйкес, биылғы он айда 950 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынған. Сонымен қатар үш ауысымды мектептер саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды.
Әкімнің айтуынша, облысқа келген туристер саны 2,2 миллион адамға жеткен. Бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 36 пайызға артық.
Мемлекет басшысы облыс әкіміне өңірдің өнеркәсіп және аграрлық әлеуетін нығайту, логистика, туризм салаларын дамыту, сондай-ақ тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді кешенді түрде шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Алматыға алты айда 1,1 млн турист келді