АЛМАТЫ, 28 қараша – Sputnik. Үкімет астық экспортына қосымша 7 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қаражат көлік шығынын субсидиялап, мемлекеттің міндеттемелерін толық орындауға, сондай-ақ басымдыққа ие шетелдік нарықтарға жеткізуді одан әрі ынталандыруға бағытталады.
"Қосымша қаржыландыру қажеттігі дәнді дақылдардың жоғары өнімділігі мен шетелдік сатып алушылар тарапынан қазақстандық астыққа деген сұраныстың артуына байланысты туындап отыр", - дейді министрлік.
Биыл көлік шығынын субсидиялауға үкімет резервінен 31млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат өнімнің жаңа экспорттық бағыттарға шығуын, бұрын болған нарықтарға қайтадан қол жеткізуді және баламалы логистикалық маршруттар бойынша алыс шет елдерге экспорт көлемін ұлғайтуға жұмсалады. Нәтижесінде астық жеткізу көлемі 2,5 млн тоннадан асады.