Дәрігерді ұрып-соққандар 12 жылға дейін сотталады – заң жобасы

Бұдан былай медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері қорықшылармен бірдей қорғалады
Sputnik
АСТАНА, 26 қараша – Sputnik. Мәжілісте дәрігерлерді қорғауға арналған заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұдан былай медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері қорықшылармен бірдей қорғалады. Ол үшін Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіледі. Бүгінде қорықшыға шабуыл жасағаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Біз дәрігерлерді қорғау үшін ұсынылған арнайы баптың диспозициясын, санкциялары мен құрылымын егерьлерді қорғайтын баптағыдай қылып, тіпті сөзбе-сөз бердік. Сәйкесінше, біз адамдардың өмірін құтқаратын ақ халатты жандарға да, дәл қорықшыларға берілгендей қорғау мен жауапкершілік тетіктерін енгізуді ұсынып отырмыз", - деді Аймағамбетов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Осы орайда депутат тағы бір мысал келтірді. Бүгінде бұзақы төбелес кезінде қарапайым адамның саусағын сындырса, бұл орташа ауырлықтағы зиян болып саналады.
"Алайда егер ота жасайтын хирургтың, немесе нейрохирургтың саусағын сындырса – бұл нағыз апат. Хирургтың қолы – құтқару құралы. Сол саусақтың кесірінен мыңдаған ота тоқтайды. Оның көмегін ала алмаған мыңдаған адам зардап шегеді. Жазаның қатаң болу себебі де – осы", - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Ішкі істер министрлігі жаңа бап пен онда көрсетілген жазаны қолдап отыр.

Қорықшылар қалай қорғалады

Қылмыстық кодекстің 380-2-бабында мемлекеттік инспектор мен қорықшылардың немесе олардың жақындарының өміріне қауіпті емес күш қолдану не күш қолдану қатерін төндіру әрекеті үшін мынадай жаза қарастырылған:
3 000 АЕК-ке (2025 жылда - 11 796 000 теңгеге) дейінгі айыппұл;
сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту;
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу;
сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
Өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдану әрекеті үшін 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру, ал екi немесе одан көп адамға қатысты, аса қатыгездiкпен жасалған немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалса, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.