АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Алматы Дүниежүзілік туристік альянсқа толыққанды мүше болды, деп хабарлады мегаполис әкімдігі.
Туризмнің тұрақты дамуын қолдауға бағытталған World Tourism Alliance (WTA) халықаралық үкіметтік емес ұйымында 41 елдің 251 мүшесі бар. Бұл мүшелік қаланың талдамалық дерекке, білім беру ресурсына және халықаралық әріптестікке қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Қазір Қытайдың Ханчжоуда қаласында WTA Сянху 2025 жыл сайынғы іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында Алматыға Альянс құрамына қабылданғанын растайтын сертификат ресми түрде табысталды.
"WTA құрамына қабылдану Алматының халықаралық серіктестігін күшейтіп, жаһандық сараптамалық ортаға жол ашады және қаланың туристік әлеуетін ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер туғызады", - деп жазылған хабарламада.
WTA мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерін және сарапшылар қауымдастығын біріктіреді. Ұйым халықаралық туризмді дамытуға ықпал етеді, зерттеулер жүргізеді, кеңес береді және маман даярлау ісімен айналысады, сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектор арасындағы кооперацияны нығайтады.