Қазақстанда Гонконг тұмауына шалдыққандар көп пе – министр есеп берді

"Гонконг тұмауының" А типін (H3N2) 587 адам жұқтырған
Sputnik
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бір аптаның ішінде ЖРВИ-мен 183 074 мың адам ауырған.
"2024-2025 жылдардың өткен эпидемиялық маусымының осыған ұқсас аптасымен салыстырғанда сырқаттанушылық 16 процентке артты",-деді Әлназарова үкіметтің бүгінгі отырысында.
Биыл эпидемиялық маусым басталғалы бері тұмаудың зертханалық расталған 590 жағдайы тіркелген. Соның ішінде "Гонконг тұмауы" деп аталатын тұмаудың А типін (H3N2) 587 адам жұқтырған. Ал H1N1 типі 3 адамнан табылды.
"Биыл тұмау 41 аптада, яғни қазан айының бірінші жартысында, өткен эпидемиологиялық маусымнан сәл ертерек анықталды. Бұрын Қазақстан аумағында болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ", - деп атап өтті министр.
Республика бойынша риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС вирусы, метапневмовирус айналымда жүргені байқалады. Ал Гонконг тұмауы Қазақстанда 2001 жылдан бері тіркеліп келеді.
Осы уақытқа дейін 2,1 млн қазақстандық тұмауға қарсы екпе алған. Министрдің айтуынша, вакцина ағымдағы эпидемиологиялық маусымда өзекті штаммдардан, оның ішінде А тұмауының (H3N2) штаммдарынан да қорғайды.
Астанада тұмау өршіп барады