АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. "Қайрат" футбол клубы УЕФА-мен бірлесіп, "Олимпиакос" және "Клуб Брюгге" командаларына қарсы ойындарын "Астана Арена" стадионына ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Чемпиондар Лигасы аясында "Қайрат" 9 желтоқсанда "Олимпиакосқа" және 20 қаңтарда "Брюггеге" қарсы ойнайды.
Алматыдағы Орталық стадионда қысқы матчтарды өткізу тәжірибесі көрсеткендей, төмен температура, шатырдың болмауы және қар жауу қаупі жанкүйерлер мен алаңды күтіп ұстау үшін жағдайды айтарлықтай қиындатады. Көрермендердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ойындар жабық ғимаратта өткізіледі.
Билеттердің бағасы 15 000 теңгеден 50 000 теңгеге дейін болады. Билеттер 28 қарашада Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшалары арқылы сатылымға шығады. Бір адамға екі билеттен артық сатылмайды.