Тоқаев Орталық Азиядағы негізгі қауіп-қатерлерді атады

Өңір әлі де терроризм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыспен бетпе-бет келіп отыр
Sputnik
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы негізгі қауіп-қатерлерді атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстан президенті бүгін Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысып, әлемдегі геосаяси дүрбелең жағдайында өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Өңір әлі де терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қауіптерді бірлесіп қана еңсеруге болады. Осы бағыттағы жұмыс өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде жүргізілуге тиіс", - деді Тоқаев.
Бұл ретте президент Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы шарттарға қолдау білдірді. Ал Тәжікстанның XXI ғасырдағы Достық жөніндегі шартқа қосылуы елеулі шешім болды.
"Ұлттық үйлестірушілер кеңесі бекітілгеннен бері бұл алаң тиімділігін көрсетті. Кеңестің рөлін күшейтетін уақыт келді деп ойлаймын. Ол уағдаластықтардың орындалуын бақылаумен шектелмей, өңірді дамытудың стратегиялық векторларын әзірлеумен айналысуы керек", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Мемлекет басшысы Орталық Азия сараптамалық форумын өңірлік ықпалдастық жүйесіне қосуды да ұсынды. Соның нәтижесінде форум зерттеу жүргізетін және бірыңғай тәсілдер қалыптастыратын негізгі платформаға айнала алады.