Алматы тұрғындарына жылу үшін артық төлем заңсыз қосылған

Алматылықтар үшін жылуға қайта қосу құны 10 пайызға төмендетілген
Sputnik
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Алматы тұрғындарына жылумен қамту қызметтерінің бірі үшін негізсіз төлем қосылғаны анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің Алматы қалалық департаменті "Алматы жылу желісі" ЖШС-нің әрекеттерінде монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтаған. Бұл заңбұзушылықтар жылу энергиясын тұтынушылардың белгісіз тобының құқықтарын шектеген.
"Табиғи монополия субъектісі "Алматы жылу желісі" жылу энергиясына қайта қосу қызметінің құнын бекіткен кезде 10 пайыз мөлшерінде пайда көлемін енгізгені анықталды. Алайда жылу энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, тұтынушыларды жылуға қайта қосу кезінде табиғи монополия субъектісінің пайда табуы көзделмеген", – деп хабарлады агенттік.
"Алматы жылу желісіне" бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері туралы арнайы хабарлама жолданған.
Қазіргі таңда хабарлама орындалған.
Монополистің пайдасын алып тастау арқылы алматылықтар үшін жылуға қайта қосу құны 10 пайызға төмендетілген.