Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Атырау сотында прокурор Яна Легкодимованы өлтіргендерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бас прокуратура Қазақстан Республикасында ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі екенін еске салды.
"Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Осыған байланысты прокурор ең жоғарғы жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады", - деп жазылған хабарламада.
Сотта алдын ала сөз байласу арқылы Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталған сотталушыларға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.
"Сот алдында екі адам отыр, олар кісі өлтіргеннен кейін мәйітін және телефонын өзенге тастаған. Құқық қорғау органдарына марқұмның денесін анықтау үшін 8 ай уақыт қажет болды", - дейді Бас прокуратура.
Алдын ала жоспарланған бұл қылмыс зорлық-зомбылық арқылы іздерді жасыруға тырысумен, ерекше қоғамдық қауіптілік деңгейімен, сондай-ақ сотталушылардың адам өлтіргеннен кейінгі суыққанды және адамгершілікке сай келмейтін іс-әрекеттерімен ерекшеленеді.
Еске сала кетейік, басты күдікті Ризуан Хайржановқа ерекше қатыгездікпен адам өлтірді және мүлікті жойды деген айып тағылды. Екінші айыпталушы Алтынбек Катимов қылмыстың сыбайласы ретінде тергеліп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша Хайржанов Легкодимовамен жақын қарым-қатынаста болған және кісі өлтіруді алдын ала жоспарлаған.
Қаза тапқан қыздың анасы да ең қатаң жаза қолдануды талап етті. Қыркүйек айының соңында басталған сот процесінде қылмыстың жантүршігерлік мән-жайы анықталып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Яна Легкодимова 2024 жылдың 18 қазанында із-түзсіз жоғалды. Тергеу деректеріне сәйкес, сол күні ол танысы Ризуан Хайржановтың көлігіне отырған. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Бірнеше ай бойы полиция еріктілердің, кинологтардың және құтқарушылардың қатысуымен кең ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізді. 2025 жылдың ақпанында Жайық өзенінің жағасынан қыздың дене бөлшектері табылды.
Кейінірек айыпталушы Янаны көлікте тұншықтырып өлтіргенін мойындады, ал оның танысы қыздың қашып кетуіне жол бермей, есікті ұстап тұрған. Қылмыстан кейін олар мәйітті бөлшектеп, қалдықтарын әр жерге жасырған. Сотта олардың бір-біріне жазған хаты жарияланып, кісі өлтірудің алдын ала жоспарланғаны және қылмыс іздерін жасыру жолдары талқыланғаны анықталды.
Тергеу барысында Легкодимова мен Хайржановтың арасында бұрын келіспеушілік болғаны, қыз оның агрессивті мінезінен қауіптеніп, қарым-қатынасты тоқтатқысы келгені анықталды.