АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Литвадан кісі өлтіру және атыс қаруын заңсыз сақтау фактілері бойынша 17 жыл бойы іздеуде болған Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2007 жылы күдікті сыбайласымен бірге заңсыз жолмен баю мақсатында Алматы қаласына келген. Олардың қылмыстық әрекеті өзге қылмыстық топ өкілдерімен жанжалға әкеліп, соның салдарынан олардың бірін өлтіруге шешім қабылдаған.
"2008 жылғы 19 мамырда күдіктілер өздерінің қылмыстық ниетін жүзеге асырып, жәбірленушіні өз үйінің ауласында тосып алып, оған бірнеше рет оқ атқан. Соңғы оқ басынан тиген, яғни "бақылау" оқ болған", - деп жазылған Бас прокуратура хабарламасында.
Алынған жарақаттан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдіктілердің бірі ұсталып, кейін сот үкімімен сотталды, ал екіншісі жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
"Жазадан жалтару мақсатында күдікті анкеталық деректерін өзгертіп, Еуропа аумағында жасырынған. 2025 жылғы тамыз айында Литва Республикасының шекарасын кесіп өту кезінде ұсталды", - дейді прокуратура.
Кейіннен Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Айыпталып отырған қылмыстар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеу түріндегі жаза көзделген.