АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко WTA маусымының қорытынды турниріндегі финалдағы жеңілістен кейін өз-өзін ұстай алмай, эмоцияға берілді. Эр-Риядта өткен шешуші ойында ол қазақстандық Елена Рыбакинаға есе жіберді, деп хабарлайды 1bol.kz.
Кездесуден кейін Соболенко орындыққа отырып, көзіне жас алды. Осы сәтте телекамералар оның көңіл күйін түсіріп үлгерді. Беларусь теннисшісі ашу үстінде қарсыласына қатысты дөрекі сөз айтып қалды:
"Жылына бір рет жолы болып қалады ғой", – деді ол өз командасына бұрылып.
Бұл кадр тікелей эфирде көрсетілді. Кейін белгілі болғандай, Арина бұған дейін де ұқсас сөз тіркесін қолданған. 2023 жылғы АҚШ ашық чемпионатында американка Мэдисон Кизге қарсы ойында да ол дәл осы тіркесті айтып, ренішін білдірген болатын. Алайда сол жолы Соболенко матчты өз пайдасына аяқтаған еді.
Бұл жолы бәрі керісінше болды. Рыбакина финалда толық үстемдік танытты.