АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Жамбыл облысында "Браконьер" акциясы кезінде 200-ден астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.
20 қазан мен 19 қараша аралығында Жамбыл облысында табиғатты қорғау және жануарлар дүниесін сақтау мақсатында "Браконьер" республикалық акциясы өткізіліп жатыр.
"Іс-шара барысында өңір аумағында жүргізілген рейдтік жұмыстардың нәтижесінде 233 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 1 қылмыстық іс тіркелді. Ең көп құқық бұзушылықтар Шу ауданында тіркеліп, 41 браконьерлік дерек анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Анықталған заңбұзушылықтардың басым бөлігі — аңшылық ережелерін бұзу (171 дерек) және қару айналымы қағидаларын сақтамау (44 дерек) фактілеріне қатысты болды.
Сонымен қатар, заңсыз балық аулаудың 18 жағдайы тіркелді. Мойынқұм ауданында заңсыз аңшылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тек соңғы тәулікте облыс полицейлері табиғатты қорғау саласында 17 құқық бұзушылықты анықтады.