АЛМАТЫ, 7 қараша – Sputnik. Алматыдағы №29 "бөбекжай - бақша" ғимаратын тарақан жайлап алған. Sputnik Қазақстан тілшісі білім басқармасының уәжін тыңдады.
Әлеуметтік желіде Алматыдағы балабақшаның асханасында түсірілген видео тарады. Кадрдан үстел үстінде еркін жүрген жәндіктерді көруге болады. Алайда мекеме ғимаратына дезинфекция мен дератизация тұрақты түрде, яғни тоқсан сайын жүргізілетін көрінеді.
Білім басқармасының мәліметінше бейнежазбаны "Батыр KZ" ЖШС күзет ұйымының қызметкері, қыркүйекте түсірген.
"Бұл балабақшада тоқсан сайын дезинфекциялау және дератизациялау жүргізіліп тұрады. Балабақша мен "Производственный кооператив" ЖШС арасында келісімшарт жасалған және осы келісімшарт аясында профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп тұрады", - дейді Алматы қалалық білім басқармасы.
Ведомство тарақан қоқыс-жәшігінен келді деген қауесетке жауап берді.
"Балабақшаға алыс емес жерде, қоқыс бактары бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан осындай жәндіктердің көбеюіне әкеліп соғады. Осы қоқыс бактарының да әсері болуы әбден мүмкін", - дейді басқарма.
Қазіргі уақытта Әуезов ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі аталған факті бойынша тексеру жүргізіп жатыр.