АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Беларусь премьер-министрі Александр Турчинді қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгінде екі елдің сауда байланыстары миллиард долларға жуықтады. Ал Қазақстан Беларусьтің екінші сауда серіктесіне айналды.
"Менің білуімше, Қазақстан – Беларусьтің екінші сауда серіктесі. Жалпы, сіздің еліңіз бен халқыңыздың төл мәдениетіне ерекше құрметпен қараймыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, президент Александр Лукашенкоға сәлемімді жолдағым келеді. Табысты ықпалдастығымызды нақты нәтижелермен жалғастыруға бейілміз", – деді мемлекет басшысы.
Ал Александр Турчин Тоқаевқа өз елінің басшысы Александр Лукашенконың ыстық ықыласын жеткізді.
"Күні кеше біз кеңінен әңгімелестік, оған Қазақстанға сапарымның бағдарламасы жөнінде жан-жақты ақпарат бердім. Қазақстанның даму жолын жіті бақылап отырамыз. Ұзақ жылдардан бері еліңіздің экономикалық өсімі тұрақты көрсеткішке ие. Сондықтан қазіргі табыстарыңызға шынайы қуанамыз", – деді Беларусь премьер-министрі.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл 8 айдың ішінде өзара сауда көлемі былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға артты. Өнеркәсіп кооперациясы аясында құны 204 миллион доллар болатын 12 жоба жүзеге асты. Бұдан бөлек, тағы 3 жоба пысықталып жатыр.