АСТАНА, 31 қазан. – Sputnik. Римдегі Вилла Грациоли саябағында (Parco di Villa Grazioli) қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы бюстінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды мәдениет және ақпарат министрлігі.
Италияда Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды
© Photo : ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Іс-шараға ҚР мәдениет және ақпарат министрі, Қазақстанның Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі, италиялық зиялы қауым өкілдері мен Қазақстанның ресми делегациясы қатысты.
Министр салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Абай Құнанбайұлы қазақ халқының рухани кемелденуіне бағдар болған, адамзаттың асыл мұраттарын насихаттаған ұлы тұлға екенін атап өтті. Оның шығармаларындағы басты идея – адамгершілік, әділдік, білім мен еңбек арқылы ізгілікке үндеу. Сондықтан Абай бейнесінің дәл Рим қаласында бой көтеруі – мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы рухани көпірдің белгісі болары анық.
"Кейінгі жылдары мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас ерекше серпін алды. Өткен жылы Қазақстан президентінің Италияға ресми сапары мен Италия министрлер кеңесінің төрайымы Қазақстанға жасаған ресми сапары ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Ал қыркүйек айында Италия президенті Қазақстанға келіп, жаңа байланыстарға жол ашып, бірқатар маңызды келіссөз жасалды. Бүгінгі Абай ескерткішінің ашылуы – сол келісімдердің көрінісі, екі халық арасындағы достық пен өзара құрметтің белгісі деп білемін", – деді Аида Балаева.
Италияда Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды
© Photo : ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Айта кетсек, қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі шетелде зор құрметке ие. Ақынға арналған ескерткіштер, бюстер мен монументтер әлемнің көптеген ірі қалалары мен астаналарында орнатылған.
Олардың қатарында, Ташкент, Мәскеу, Қазан, Бішкек, Бейжің, Каир, Будапешт, Тегеран, Анкара, Ыстамбұл, Нью-Дели, Женева, Париж, Ренн, Сараево, Тбилиси, Берлин, Сеул, Харьков, Баку және Рио-де-Жанейро қалалары бар.