АЛМАТЫ, 28 қазан – Sputnik. Ақмола облысында зейнеткер интернет алаяқтарға алданып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы Щучинск қаласында қартаң әйел ойдан шығарылған "кибершабуылға" ұшыраған. Ол пәтерін сатып, барлық түскен қаражатты және өзінің жеке жинаған ақшасын алаяқтарға берген. Шығын – 11 800 000 теңге.
"Қарияға белгісіз адамдар хабарласып, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған және оның атынан несие рәсімдеуге өтініш түскенін айтып, "кибершабуыл" жасалды деп сендірген", - дейді ведомство.
Алаяқтар бұл әрекеттердің алдын алу үшін қарияға жеке жинақ ақшасын салу қажеттігін хабарлаған. Зейнеткер әртүрлі терминалдар арқылы барлығы 32 транзакция жасаған, ал барлық ақша дропперлердің шотына түскен.
Қазіргі таңда интернет-алаяқтар "кибершабуыл" деп аталатын алаяқтық әдісін ойлап тапқан. Дәл осы тұжырыммен өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың қаражатын үшінші тұлғалардың шотына аударуға мәжбүр етеді.
Полиция азаматтардан сақ болуды сұрайды. Бейтаныс адамдардың нұсқауын орындауға, жеке мәліметті айтуға және бөгде адамдарға ақша аударуға болмайды, дейді полиция.