Алматыда бірнеше жаңа кәсіпорын ашылды

Бір ғана жеңіл көлік зауытында 3 600 адамға жұмыс табылған
Sputnik
АЛМАТЫ, 27 қазан – Sputnik. Биыл Алматының индустриялық аймағында отандық өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды қалалық әкімдік.
"Astana Motors Manufacturing Kazakhstan" ЖШС қытайлық автомобиль брендтерін шығаратын жеңіл көлік зауытын іске қосты. Тартылған инвестиция көлемі — 203 млрд теңге, аумағы — 30,9 гектар, 3 600 жұмыс орны ашылды. Зауыттың толық өндірістік қуаты жылына 120 мың автомобиль шығаруға мүмкіндік береді. Қазір кәсіпорын толыққанды өндіріс режимінде жұмыс істеп тұр.
Көлік құралдарына арналған қосалқы бөлшектер мен шиналарды сақтау мақсатындағы көлік-логистикалық хабтың құрылысы аяқталды. "Astana Motors Engineering" ЖШС 6,3 млрд теңге тартқан, аумағы — 7,3 гектар, 212 жұмыс орны құрылды.
"Сондай-ақ "Kapital Construction" ЖШС арматуралық тор мен профильді құбырлар шығаратын зауытты ашты. Инвестиция — 1,51 млрд теңге, аумағы — 2,5 гектар, 100 жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта кәсіпорын сынақ режимінде жұмысын бастады", - деп жазылған хабарламада.
Шыны ыдыстар өндіретін зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. "Багдар ЛТД" ЖШС 2,4 млрд теңге инвестиция тартты, аумағы — 4 гектар, 58 жұмыс орны қарастырылған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты — 67,1 млн бөтелке. Қазір техникалық іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"T and M Company" ЖШС және "Corporation M&A" ЖШС шағын және орта өндірістерді орналастыруға арналған индустриялық парктер жобасын жүзеге асырып келеді. Инвестиция көлемі тиісінше — 339 млн теңге және 316 млн теңге. Әр нысанның аумағы — 0,75 гектар, 60-80 жұмыс орны құрылды. Екі нысан да пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұр.