АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Шұғыла Өмірбекті әйелдер арасындағы күрестен U23 әлем чемпионатының жеңімпазы атануымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
"Бұл – тарихи жеңіс. Өйткені еліміз мұндай халықаралық жарыста алғаш рет алтын медаль иеленіп отыр. Әр салада өзінің табандылығымен, еңбекқорлығымен табысқа жететін жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Шұғыланың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіремін!" - деді Тоқаев.
Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Шұғыла Өмірбек Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды.
Отандасымыз 55 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеді.
Шұғыла Өмірбек финалда Түркия елінің өкілі Туба Демирмен алтын жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде қазақстандық балуан 12:8 есебімен басым түсті.