АСТАНА, 23 қазан - Sputnik. Ақтөбе облысы Белқопа ауылының маңында жүк көлігі мен "ГАЗель" жолаушылар көлігі соқтығысып, 10 адам қаза тапты.
Жол апаты бүгін Самара – Шымкент автожолында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.
Салдарынан оқиға орнында екі жүргізуші мен "ГАЗель" автокөлігінің 10 жолаушысы қаза тапты. Тағы бес адам медициналық мекемеге жеткізілген.
"Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Анықталғандай, "ГАЗель" жолаушылар көлігі ресми түрде Т.Жүргенев ауылынан облыс орталығына жолаушылар тасымалдаумен айналысқан", - дейді полиция.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жұмыс жасап жатыр.
Жол апатына байланысты республикалық маңызы бар жолдың учаскесінде қозғалысқа шектеу қойылды.
"Республикалық маңызы бар "РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы" 844-965 шақырым. Бұдан басқа, Хромтау қаласы мен Қарабұтақ ауылы арасындағы учаскеде көліктің барлық түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды", - дейді ҚазАвтоЖол.