АСТАНА, 21 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Ақордада шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстан президенті мәртебелі мейманның сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды екенін ерекше атап өтті.
"Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазіргі кезде Әзербайжан Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет", – деді мемлекет басшысы.
Ал Ильхам Әлиев Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отырғанын жеткізді.
"Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық, одақтастық сипат алғанын атап өттіңіз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз", – деп атап көрсетті Әзербайжан президенті.
Айта кетері, екі елдің басшысы Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысын да өткізеді.