Кімдердің жалақысы 30 процентке көтеріледі – үкімет басшысы жауап берді

Ол үшін 2025 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 1,8 млрд теңге қарастырылған
Sputnik
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында жалақысы 30 процентке көтерілетін мамандар туралы жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Келесі жылдан бастап балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жұмыс істейтін жаттықтырушы-оқытушылардың біліктілік шеберлігі үшін лауазымдық жалақысына 30 % көлемінде қосымша ақы төлеу қарастырылған.
"Ол үшін 2025 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 1,8 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда үкіметтің қаулысына тиісті толықтырулар әзірленіп, келісіліп жатыр", - дейді Бектенов.
Оған қоса, қолданыстағы заңнама бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен спорт саласындағы қызметкерлерге үстемеақы тағайындауға және ауылдық жерде жұмыс істейтін спорт саласы мамандарына лауазымдық жалақының кемінде 25 %-ын құрайтын көтеріңкі лауазымдық жалақы төлей алады.
Айта кетері, дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы жаттықтырушылар азаматтық қызметшілер қатарына кіреді. Үкіметтің қаулысына сәйкес, олардың жалақысы жыл сайын 20 процентке көтерілуі шарт.
Орташа жалақы 2028 жылға қарай 605 мың теңгеге дейін өседі – министрлік