АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Құлсары қаласында 7 жастағы қызды зорлап өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу материалдарына сәйкес, биыл маусым айында 7 жастағы қыз бала Құрсай өзенінің жағалауында серуендеп жүріп, үйіне қайтып бара жатқанда адасып кеткен. Сол кезде алдынан сотталушы шыққан. Бұған дейін ол ішімдік ішкен.
Кішкентай қызға үйіне баратын жолды көрсетемін деп, алдымен өзен жағасына апарған. Одан кейін дәрменсіз күйін пайдаланып, қыз баланы зорлаған. Ал қылмысын жасыру мақсатында баланы ұрып-соғып, өзенге батырып кеткен.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы - кәмелетке толмағанға қатысты зорлау (ҚК 120-бабы 4-бөлігі) және кәмелетке толмаған баланы қасақана өлтіру (ҚК 99-бабы 3-бөлігі) бойынша жауапқа тартылды. Кінәсі толығымен дәлелденді.
Соттың шешімімен ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.