Семейде теріс діни ағымдағы отбасы балаларын мектепке жібермей қойған

Анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ал уәкілетті органдардың лауазымды мамандарына тәртіптік жаза қолданылды
Sputnik
АСТАНА, 8 қазан - Sputnik. Абай облысында балалардың білім алу құқығы бұзылған, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Семейде төрт бала міндетті орта біліммен қамтылмаған.
"Деструктивті діни көзқарасты ұстанған отбасында 8 бен 13 жас аралығындағы үш бала тәрбиеленіп, ата-анасының наным-сеніміне байланысты мектепке бару мүмкіндігінен айырылған. Олар ерте жастан білім беру жүйесінен тыс қалған", - дейді ведомстводағылар.
Прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдар әр баланың білім деңгейін бағалап, кейін оларды мектепке қабылдады. Анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ал уәкілетті органдардың лауазымды мамандарына тәртіптік жаза қолданылды.
"Тағы бір жағдайда психикалық дамуы тежелген 9 жастағы баланың құқығы бұзылған. Балаға мүгедектік берілмегендіктен, ол мектептік те, арнайы да білім ала алмаған", - дейді Бас прокуратура.
Бала психикалық денсаулық орталығына стационарлық тексеруге жіберіліп, ресми қорытынды алуға және әрі қарай оқу бағытын айқындауға мүмкіндік жасалды. Оның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Терроризм мен діни экстремизм үшін 43 адам сотталды - ҰҚК